Жыл аяқталар тұста дүние жүзінде түрлі ұйым «жыл сөзін» таңдайды. Бұл сөз күнтізбедегі бір жылдың бейнесі іспеттес. Биыл көп жерде жыл сөзі ретінде вакцина танылып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі биыл дүние жүзінде аталған жыл сөзі туралы жазып, оның қазақша нұсқасын да анықтап көрді.
Оксфорд ағылшын тілі сөздігі биыл қолданыста ең көп қолданыста болған сөзді таңдады. Бұл vax ұғымы болды. Сөздің қызметкерлерінің айтуынша, қысқартылған vax сөзін вакцинаға қатысты барлық ұғымға келтіруге болады. Мысалы, vax sites — вакцина салдыратын орын, fully vaxxed — екпе салдырған адам. Яғни, вакцинаға қатысты ұғымның түбірі осы vax болған.
Ал америкалық Merriam-Webster сөздігі жыл сөзі ретінде «вакцинаны» таңдаған. 2020 жылмен салыстарғанда вакцина сөзін сөздік сайтында іздеу 601 пайызға артқан. Сөздік редакторлары мұның себебін түсірдірді.
«Вакцина» сөзінің 2021 жылы дәрі-дәрмектен де үлкен ұғымы болды. Көбі үшін бұл сөз — пандемияға дейінгі өмірге оралу символы. Одан бөлек, бұл сөз жеке таңдау, саяси көзқарас, кәсіби талаптар, мектептегі қауіпсіздік тұрғысында көп дауға себеп болды. Белгілі бір кезеңді осы сөзден артық ештеңе бейнелей алмайды», — деді редакторлар.
Фото: Pixabay
Неміс тілі қоғамдастығы (GfdS) болса, 2021 жылдың сөзі ретінде Wellenbrecher ұғымын таңдаған. Мұны қазақ тіліне аударғанда «толқынды тоқтату» дегенді білдіреді.
«Бұл сөз коронавирус пандемиясының төртінші толқынын тоқтату үшін қабылданған барлық шараны білдіреді», — дейді ұйымның баспасөз қызметіндегілер.
Ал ұлыбританиялық Collins English Dictionary сөздігі NFT (non-fungible token) аббревиатурасын жыл сөзі деп таңдаған. Бұл ұғымды «өзара алмаспайтын токен» деп аударуға болады.
Сөздік қызметкерлерінің айтуынша, NFT жыл сайын айтылған сәнді сөзге айналған. Сөздік анықтамасына қарасақ, NFT — «блокчейнде тіркелген және өнер туындылары немесе коллекциялық заттар сияқты активтерге меншік құқығын тіркеу үшін пайдаланылатын бірегей цифрлық сертификат».
Александр Пушкин атындағы орыс тілі институты өз нұсқасы бойынша жыл сөзін анықтаған. Қарашаның басында институттағы «Жыл сөзі» жобасының ғылыми жетекшісі Михаил Осадчий сараптама нәтижесін айтқан.
«Сараптама нәтижесі бойынша, бірінші орында «Спутник» сөзі, 2021 жылы бұл сөз бұрынғыдан 9 есе жиі қолданылған. Бұл сөз ресейлік вакцина атауымен тығыс байланысты, жиі қолданылуына вакцинация тақырыптарының кеңінен талқылануы және ресейлік вакцинаның шетелде танылуы себеп болды», — деді ол.
Фото: РИА Новости
Қазақстанда жыл сөзі қандай?
Қазақстанда жыл сөзін таңдау үшін Instagram желісіндегі Kaz.Tengrinews парақшасындағы фолловерлер арасында сауалнама жүргіздік. Оқырмандарымыз жыл сөзіне лайық деп тапқан сөздерін жазды.
Сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтар жыл сөзі ретінде «масканы» таңдады. Маска кию талабы былтыр наурызда басталғанымен, ол биыл да шектеу ретінде қарастырылды. Қазақстандықтар жыл бойы «маска киіңіз» деген жазуды оқығанын, күзетшілерден «маскаңызды көтеріңіз» деген ескерту естігенін жазды.
Фото ©Әлихан Сариев
Ал екінші орынды «коронавирус» сөзі алды. Оқырмандарымыз бұл сөз өмірін өзгерткенін айтып, пандемия тезірек бітсін деген тілек білдірді.
Негізі, оқырмандар жауабы бойынша ең көп аталған бес сөз де осы коронавирус пандемиясына байланысты. Үшінші орында — «карантин» сөзі.
Фото ©Әлихан Сариев
Ал биыл ақпанда басталған «вакцина» сауалнамамызда төртінші орын алды. Бүгінде 8,4 миллион қазақстандық вакцина салдырған. Жыл бойы бұл сөз вирустан сақтануға да, арандатушыларға да, жалған ақпарат таратушыларға да себеп болған.
Бір қызығы, сауалнаманың бесінші орнын «Цой» деп жауап бергендер алды. Бұл тұста ешкім әнші Виктор Цойды емес, таяуда денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткен Алексей Цойды меңзеді деп топшылауға болатын шығар. Алексей Цой биыл сынға көп ұшырады, вакцина да жоспарланғандай 10 миллион адамға әлі салынбады. Ал таяуда Цой қызметінен кеткен болатын.
Одан бөлек оқырмандарымыз жыл сөзі ретінде «Кешірім сұраймын», «Қола дәуірі», «Зейнетақы жинағы» немесе «5:32» секілді сөздерді ұсынған.
Айта кетейік, былтыр да оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп, жыл сөзін анықтаған едік. Мұны осы жерден оқи аласыздар.
По сообщению сайта Tengrinews