Биыл «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының құрылғанына төрт жыл толды, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған орай Семей гарнизондық офицерлер үйінде «Отан. Әскер. Жас сарбаз» әскери-патриоттық форумы өтті. Шараға мұрындық болған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Абай облыстық білім басқармасы. Мерейлі кешке облыс аумағынан жалпы саны үш жүзге жуық оқушы қатысты.
Форумда облыстық «Алау» әскери-спорттық ойынының жеңімпаздары мараппатталды. Тәрбиелік кешке қатысушылар үшін офицерлер үйіндегі музей есігі айқара ашылып, ашық алаңда сан түрлі қару-жарақ пен әскери құрылғылар көрмесі ұйымдастырылды. Шара соңы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери көркемөнерпаздардың «Отаныма қызмет етемін» мерекелік концерттік бағдарламасымен мәресіне жетті.
«Шара мақсаты – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамыту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, сондай-ақ патриоттық тәрбие жұмысын жандандыру. Әскери-патриоттық қозғалысы беретін тағылым – жастардың отансүйгіштік рухын асқақтатып, өз елінің нағыз қорғаушысы болуды көздейді», – дейді Абай облыстық білім басқармасының өлкетану және әскери-патриоттық бағытындағы меңгерушісі Болат Құрманов.
Фото: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press