Өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев Бобровка және Мұрат саяжайларының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Бобровка және Мұрат аудандарында түйткілді мәселелерді шешу үшін тұрақты жиындар өткізуде. Осы мақсатта әкімдік арнайы Жол картасын әзірледі.
«Жол картасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды, атап айтқанда, жол белгілері мен 11 аялдама, 4 «Сергек» бейнебақылау камерасы мен қоқыс контейнерлері орнатылды, 70-тен астам рұқсат етілмеген үйінділер жойылды. Сонымен қатар, Бобровка және Мұрат елді мекендерінде балалар және спорт ойын алаңы мен жеңіл атлетика алаңдарының құрылысы басталды».
Алайда, тұрғындарды заңсыз монополиямен ұзақ жылдар бойы күресіп келген «Семей.Мұрат.Доверие» және «Бобровка» кооперативтерінің қызметі алаңдатып отыр.
«Екі кооператив басшысы мүлкі үшін жалдау ақысын төлеуге мәжбүр. Айына шамамен 2 жарым мың теңге кетеді. Төлемеген жағдайда электр қуатын өшіреміз деп қорқытуда. Облыс әкімі бұл мәселені өз бақылауына алған сәттен бастап мұндай әрекеттер азайды», — дейді қала тұрғыны Надира Исина.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл мәселе заң аясында шешілетінін, қазірдің өзінде барлық құзырлы органдар бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-нің 164-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны анықталды. Нәтижесінде екі кооператив сәйкесінше 30 745 825 теңге және 4 302 260 теңге заңсыз кіріс алған. Оларға алған табыс сомасының жүз пайызы мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Іс екі айдың ішінде сотта қаралатын болады.
Еске салайық, облыс орталығындағы Бобровка және Мұрат саяжайларындағы түйткілді мәселелер аймақ басшысының тікелей бақылауында.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press