Белгілі ақтаулық белсенді және блогер Азамат Сәрсенбаев 5 қазанда Жаңаөзенде «Қызыл кітапқа» енген арқар өлексесі қоқыс жәшігінен табылғанын айтты, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Сөзін дәлелдеу үшін ол Instagram-дағы парақшасына видео жариялады. Блогердің айтуынша, «Қызыл кітапқа» енген жануарды атқан браконьерлер немесе бақылаушылар оны «қоқыс жәшігіне лақтырып жіберген».
«Осы оқиғаға қатысты жергілікті эколог Әділбек Қозыбақов «мамандармен» ақылдаса келе, бұл жай ғана ешкі екен» деген қорытындыға келгенін айтты. Бұл «экологтарды» түсінбей-ақ қойдым. Бұлар шынымен де өзін ақылдырақ деп ойлай ма? Кімді алдағысы келеді? Бізді ешкіден арқарды ажырата алмайды деп ойлай ма? Мұнда олар біреуді бүркеп немесе арттарын жауып жатқаны анық. Экология министірлігі қызметкерлерді Үстірт қорығынан «Қызыл кітапқа» енген жануарды өлтіруге рұқсат бергенін біліп қоймасын деп отыр. Ешкімнен қорықпайды бұлар. Беті қызармай өтірік айтады», – деп ашуланды Азамат Сәрсенбаев.
Zakon.kz редакциясы түсініктеме алу үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүгінді.
«2023 жылдың 5 қазанында әлеуметтік желілерде Жаңаөзен қаласы аудандарының бірінде қоқыс контейнерінен табылған «Қызыл кітапқа» енген жануардың өлексесі туралы видео тарап, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері дереу оқиға орнына барды», — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алайда, комитеттің хабарлауынша, оқиға орнына барған мамандар жануардың өлексесін таппаған. Олар оны коммуналдық қызметтер алып кетті деп болжады.
«Қазір Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Маңғыстау облысы бойынша ДПБ-мен бірлесіп оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр». Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі
Сурет: видеодан скриншот
По сообщению сайта Arna Press