Абай облысының «Жыл үздігі-2023» шарасында үздік спортшылары мен спорт саласындағы қызметкерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Arnapress.kz облыстық әкімдіктің бспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл облыс намысын қорғаған спортшылар әлемдік, халықаралық және отандық аренада жүлделі орындарға ие болып, тамаша нәтижелер көрсетті. Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев 2023 жыл облыста спорт саласы үшін табысты жыл болғанын атап өтті.
«Биыл түрлі деңгейдегі көптеген спорттық шаралар өтті. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 5100 бала спорт секцияларымен қамтылды. Жаңа облысымызда 10 спорт мектебі ашылды. Облысымыз спорттың басқада түрлері бойынша да жоғары нәтижелерге жетті. Алдағы уақыттада облыс спортшыларының жарыстарға алаңсыз дайындалулары үшін барлық жағдайлар жасалады және спортшыларымыз ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайды деп сенеміз», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өз сөзінде.
Шара барысында спорттың әр түрінен үздік шыққан спортшылар марапатталды. Олардың қатарында қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зарина Сарипова, шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының спорт шебері Ернар Нурсбеков, «Елімай» футбол клубының капитаны Еркебұлан Нұрғалиев, пара дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерлан Конкиев, жеңіл атлетикадан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Хижнякова, ММА-дан ҚР спорт шебері Сайран Сағындықов, дзюдодан спорт шеберіне кандидат, Еуропа кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы Берікбол Жұманбеков, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері Аяна Исахан және «Ең үздік спорт клубы» номинациямен «Елімай» ФК бар.
Грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Тұрсыновқа «Үздік спортшы-2023» номинациясын жеңіп алғаны үшін екі бөлмелі пәтердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Айта кетейік, спортшы биыл Париж Олимпиадасына жолдама алды. Өз кезегінде спортты дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар мекеме мен демеушілер алғыс хаттар мен мақтау қағаздарына ие болды.
Сонымен қатар, Шыңғысбек Тұрсынов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен, «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Қайрат Чармұхаметов, «Еңбек ардагері» медалімен Мұхсин Нұртазин және Юрий Друзь марапатталды.
Естеріңізге салсақ, өңірде 25 жылдан кейін «Елімай» футбол клубы қайта жанданды. Клуб Премьер-лигада ойнау мүмкіндік алды. «Семей» футзал клубы ашылды. Биыл Ақсуат және Қайнар ауылында 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Шүлбі кентінде көпсалалы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 спорт нысаны салынып жатыр.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press