Қазақстанда бір жыл ішінде коммуналдық қызметтер қаншаға қымбаттады

Дата: 03 июня 2024 в 19:28 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан нарығында бір жыл ішінде ненің қымбаттағанын және ненің арзандағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, 2024 жылғы мамырда айлық инфляция деңгейі баяулап, 0,4% құрады (ағымдағы жылғы сәуірде – 0,6%). Ақылы қызметтер бағасы 1%, азық-түлік емес тауарлардікі – 0,5% өсті, ал азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% төмендеді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қоқыс шығару тарифі – 6,1%, домофон үшін төлем – 3,1%, электр энергиясының тарифі 1,8% өсті. Тұрғын үйді жалға беру – 1,5%, тұрғын үй-жайларды күтіп ұстау 1,7% қымбаттады. Стоматология қызметтерінің бағасы 3,3%, санаторий қызметтері – 2,1%, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері – 1,4%, қоғамдық тамақтану 1,3% өсті»,-делінген ақпаратта.

Ағымдағы жылғы мамырда бағаның өсуі тұрмыс құралдарына 1%, киім мен аяқ киімге – 0,9%, тоқыма бұйымдарына – 0,7%, жеке пайдаланатын тауарларға 0,6% байқалды. Дәрі-дәрмектер 0,4% қымбаттады.

Азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі қиярға – 29%, қырыққабатқа – 19,1%, қызанаққа – 15,4%, тәтті бұрышқа – 5,8%, сарымсаққа 5,3% байқалды. Жұмыртқа – 9,8%, қарақұмық жармасы – 3,3%, күнбағыс майы – 2,1%, арпа жармасы – 1,1% арзандады. Бағаның өсуі басты пиязға – 28,3%, картопқа – 18%, қызылшаға – 15,5%, сәбізге – 7% байқалды.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,2% (орташа республикалық деңгейден 0,8 п.т. жоғары), ең төменгі – Ұлытау облысында 0,1% тіркелді. Тұтыну бағасының индексі Шымкент қаласында, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 100% құрады.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында – 0,4%, азық-түлік емес тауарларына – Маңғыстау облысында 1,2%, ақылы қызметтерге – Астана қаласында 2,5% өсті.

«2024 жылғы мамырда жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,5% құрады. Ақылы қызметтер – 13,9%, азық-түлік емес тауарлар – 7,6%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,5% өсті»,-деп толықтырды бюро.

2023 жылдың мамыр айымен салыстырғанда тарифтер су бұруға – 43,9%, суық суға – 35,9%, ыстық суға – 35%, орталықтандырылған жылытуға – 33%, электр қуатына – 31,4%, қоқыс шығаруға 31,2% өсті. Ацетилсалицил қышқылы бағасы – 63,6%, белсендірілген көмірге – 32,5%, парацетамолға 28,4% жоғарылады. Зәйтүн майы – 20,1%, АИ-98 маркалы бензин – 19,8%, сәбіз – 18,4%, күріш – 17,4% алма – 16,8%, темекі өнімдері 16% қымбаттады. Керісінше жылдық мәнде басты пияз – 42,9%, күнбағыс майы – 24,7%, қырыққабат – 18,1%, құмшекер 4,9% арзандады.

Сурет: Zakon.kz

По сообщению сайта Arna Press