Абай облысының мектеп оқушылары ғарыш техникасы саласындағы білімдері мен қабілеттерін көрсете отырып, зымыран макетін жасап, ұсынды, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зымыран макеті нағыз ұшу аппаратының барлық негізгі компоненттерін қамтиды:
Борттық компьютердің «миы» ретінде оқушылар зымыранның барлық жүйелерін басқаратын Arduino Nano микроконтроллерін қолданды. Ұшу деректері кейінгі талдау үшін SD-картаға жазылады.
Зымыран BMP280 датчигін пайдаланып биіктікті жазу және температураны есептеу үшін телеметриялық жүйемен жабдықталған. Алынған мәліметтер SD-картаға сақталады және Wi-Fi немесе Bluetooth арқылы жердегі станцияға берілуі мүмкін.
Қосымша миссия үшін зымыран ауа қысымының датчиктері және GPS-модульдерімен жабдықталған, бұл ұшу кезінде зымыранның орнын дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Жоба оқушылардың техникалық дайындығының жоғары деңгейін және ғарыштық технологияларды зерттеуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Жобаның авторлары Аягөз ауданының қалалық көпсалалы қазақ мектебі-гимназиясының оқушылары Бекнұр Айдарбек, Ақылжан Ерланұлы, Әділжан Мукашев. Жетекшісі Меруерт Кунусова.
Сурет: Абай облысының Білім басқармасының баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press