Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындарының қатысушысы Кәмиля Досмалованы Алматы әкімдігі құттықтады деп,-хабарлайды Arnapress.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ. сайтына сілтеме жасап.
Кәмиля Досмалова – пара таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында 5-орын алды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов спортшы мен оның жеке жаттықтырушысы Әнуар Үсеновті ерік-жігер мен табандылықтың үлгісін көрсеткендерін атап өтіп, табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
Кездесу барысында Бейбіт Шаханов спортшы Кәмиля Досмалова мен оның жаттықтырушысына премьер-министр Олжас Бектеновтің атынан алғыс хат табыс етті.
Сонымен қатар Бейбіт Шаханов Кәмиля Досмаловаға 2 миллион теңгелік ақшалай сертификат, ал Әнуар Үсеновке 1,5 миллион теңгелік сертификатты тапсырды. Сондай-ақ спортшыға қызметтік баспана берілді.
«Бізге қолдау көрсеткен барлық Қазақстандықтарға, сондай-ақ Алматы әкімдігіне зор алғысымды білдіремін. Бұл қолдау менің болашақ жетістіктеріме негіз болады», — деді Кәмиля Досмалова.
Айта кетейік, Парижде өткен Паралимпиадада Қазақстан құрамасы рекордтық тоғыз медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль еншіледі.
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press