Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасы жайлы: «Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз»

Дата: 07 февраля 2025 в 21:08 Категория: Новости экономики

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде баршаны еліміздің қаржылық тұрақтылығын жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамдары растап отырғанына назар аудартты, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

«Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек».Қасым-Жомарт Тоқаев

Бұл ретте, Мемлекет басшысының пікірінше, бизнес қоғамдастықтың рөлі үлкен.

«Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін «аса жоғары емес», яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржылық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайту көзделген. Бұл мемлекеттің борышын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді», – деді Президент.

Бұған дейін Президенттің қосымша құн салығының үкімет ұсынған мөлшерлемесі тым жоғары деп санайтынын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды. Ал банкирлерге Президент қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керектігін айтты.
 

Сурет: Ақорда

По сообщению сайта Arna Press