Семейде алғаш рет қуық асты безінің қатерлі ісігі обырын анықтауға арналған радиофармпрепарат өндірілді

Дата: 07 февраля 2025 в 21:08 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығы фтор-18 изотопына негізделген жаңа 18F-PSMA-1007 радиофармпрепаратын шығарды, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі медициналық орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

18F-PSMA-1007 — радиофармпрепараты сырқаттың денесіне енгізілгеннен кейін простата тіндерінде жиналады. Бұл простата обырының, метастаздардың немесе басқа онкологиялық патологиялардың болуын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бейнелеу ПЭТ/КТ сканерлеу арқылы жүзеге асырылып, дәлдік пен ақпараттылық бойынша дәстүрлі сәулелік диагностикалық әдістерден айтарлықтай асып түседі. Изотоп синтезінен бастап, диагностика жүргізуге дейінгі барлық процесс толығымен Ядролық медицина және онкология орталығының базасында жүзеге асырылады.

Бастапқы кезеңде фтор-18 изотопы арнайы циклотрон құрылғысында жасалады. Әрі қарай изотоп синтез зертханасына түсіп, онда химиктер радиофармпрепаратты жасайды. Осыдан кейін препарат сапаны бақылау зертханасында мұқият тексеруден өтеді. Содан кейін ғана пациенттің жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, препарат оралып, радионуклидті диагностика бөлімшесіне жеткізіледі.

Препаратты енгізгеннен кейін ағзада жиналғанша пациент арнайы палатада күтеді. Содан кейін ПЭТ/КТ сканерлеу жүргізіліп, оның нәтижелерін онкологтар талдайды. Бұл деректер нақты диагноз қоюға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар емдеудің одан арғы тактикасын және оның тиімділігін бақылауды анықтайды.



Профессор Игорь Знаменский шеберлік сабағы радиофармпрепаратпен жұмыс істеудің барлық кезеңдеріне назар аударуды қамтиды деп атап өтті.

«Біз препаратты енгізу процесін, дұрыс дозаларды, жинақтауға қажетті уақытты, сондай-ақ пациентті дайындауды жан-жақты қарастырамыз. ПЭТ/КТ зерттеу нәтижелерін түсіндіру әдістемесіне ерекше назар аударамыз. Өйткені бұл емдеу стратегиясын анықтаудағы шешуші сәт»,-деді білікті маман.

18F-PSMA-1007 орталық базасында өндірістің толық циклы игерілген үшінші радиофармпрепарат болды. Бұл диагностика мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, онкологиялық ауруларды емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретін, елдің ядролық медицинасын дамытудағы маңызды қадам.

Жаңа препарат простата обырын неғұрлым тиімді емдеу үшін мүмкіндіктер ашады және Қазақстанда онкологиямен күресте маңызды құрал бола алады.

Сурет: Ядролық медицина және онкология орталығының баспасөз қызметі

По сообщению сайта Arna Press