Стоковые изображения от Depositphotos
Қазақстандық Камила Махмұдова қазір Оңтүстік Кореяда жұмыс істейді. Кейінгі 4 жылын Пусан мен Сеулде өткізген ол Tengrinews.kz тілшісіне Кореядағы өмірі мен ондағы қазақтар жайлы айтып берді.
Оңтүстік Кореяға қалай келді?
Камила Махмұдова Шымкент қаласының тумасы, жасы 23-те. Ол 2017 жылы Корея Республикасының Пусан ұлттық университетіне оқуға түсіп, үздік аяқтайды. Бүгінде Сеулдегі ең атақты стартаптардың басы-қасында жүр.
«Жасыратыны жоқ, мен әуел бастан шетелде тұрып көргім келді. Мектеп қабырғасында-ақ Оңтүстік Кореяға назарым ауып, олардың мәдениеті мен тұрмыс-салтына тәнті болдым. Өзім бітірген Назарбаев зияткерлік мектебі мен Пусан ұлттық университеті арасында екіжақты келісім болған еді. Соның арқасында оқу орнын таңдауда жеңілдіктер болып, кешенді дайындыққа бір қадам жақын болдым», — дейді ол.
Камиланың айтуынша, Оңтүстік Корея шетелдік абитуриенттерге өте қолайлы жағдай жасаған.
«Университетке түсу үшін 3 кезеңнен тұратын сынақтан өттім. Ең алдымен, математикадан тест тапсырдым, одан кейін белгілі тақырып бойынша эссе қабылдады, ең соңында әңгімелесу болды. Айта кету керек, оқу орнына қабылдану үшін аса көп құжат қажет емес. Өзіме келетін болсам, менен ағылшын тілінің деңгейін растайтын құжат, мектептегі үлгерім және рекомендация ғана талап етілді», — деді жерлесіміз.
Пусан ұлттық университетінің ерекшелігі
Ең қызығы, Махмұдова білім алған университет корей тілі бойынша өз студенттеріне жеңілдік жасапты.
«Кореяға алғаш келгенімде тіл білмедім, бірақ бұл оқуға түсу үшін басты талап болған жоқ. Пусан университеті өз студенттерінің потенциалын бар қырынан ашу үшін оларға 2 жыл уақыт береді, яғни осы уақыт аралығында кез келген шетелдік студент корей тілін тиісті деңгейде меңгеріп шығуы қажет. Өйткені университет 2 курстан кейін корей тілі бойынша емтихан қабылдайды. Егер тестті тапсыра алмасаңыз, келесі курсқа өте алмайсыз. Менің ойымша, бұл керемет эксперимент, неге десеңіз, тұрып жатқан еліңнің тілін үйренуің үшін қосымша мотивация туады. Одан бөлек, Пусан университеті жазғы және қысқы демалыс уақытында корей тілін меңгеру бағытында түрлі семинарлар мен тренигтер өткізеді және ол үшін бір тиын да алмайды», — деді Камила.
Десе де, ол мұндай тәжірибе барлық университетте бірдей еместігін алға тартты. Оның сөзінше, Оңтүстік Кореядағы университеттердің талабы мен тәртібі бір-біріне ұқсамайды.
«Менің жолым болып, өзіме ыңғайлы оқу орнына түсе алдым. Мұнда барлығымызға тең мүмкіндік жасалған. Мәселен, біз корей тілі бойынша тест тапсырсақ, ал Корея азаматтары ағылшыннан деңгейін дәлелдеуі керек. Міне, осындай тепе-теңдік бар, алайда, әр оқу ордасының өз саясаты бар екенін жасырмаймын», — дейді ол.
Қалай бейімделді?
Камила Махмұдованың айтуынша, Кореяда басқа елдермен салыстырғанда қазақстандықтарға бейімделу процесі жылдам өтеді.
«Адаптация аса ауыр өтті деп айта алмаймын. Студенттік шағым өте белсенді әрі қызықты болды. Өте әдемі ел, теңіз бар, ауа райы қолайлы. Қазақстандағыдай сыпайы халқы бар. Одан қалды, мұнда қазақтар да көп. Сол себепті де жатырқай қоймадым. Алғаш келгенімде Кореяда бұған дейін де болғандай әсер қалды. Кезінде көп дорама көргенімнің пайдасы тиді», — дейді күліп ол.
«Корей тілін білмесең...»
Десе де, Камила бұл жағдайды біржақты қабылдауға болмайтынын жеткізді.
«Егер корей тілін білмесеңіз, көптеген қиындықпен бетпе-бет келесіз. Одан қашып құтыла алмайсыз. Неге десеңіз, мұнда барлық қосымша, құрығы және қызмет көрсету орталықтары тек өз тілінде жұмыс істейді. Кезінде тіл білмегеннен, тіпті, тапсырыс та жасай алмайтынмын. Қысқаша түсіндірсем, тіл білмеген адам өмірден қалады, Корея ұсынған сан қырлы комфорттан айырылады. Оңтүстік Корея билігі өз ана тілін осылай құрметтеп, оның маңызын айқындап отыр», — дейді ол.
Кореядағы әлеуметтік теңсіздік немесе «Игра в кальмара»
Осы тұста Махмұдова дорамаларға тоқталып, бүгінде кеңінен танылған Оңтүстік Корея сериалдары мен фильмдердің шынайы өмірмен байланысын айтып берді.
«Дорамалардағы атмосфераға келетін болсақ, барлығы да шынайы, ешқандай бояма жоқ. Күнделікті өмірде кездесетін жайттар десем болады, бірақ сюжеттерінде асыра сілтеу бар. Оны түсініп жатқан адам аз. Қазір әлемді жаулаған «Игра в кальмара» сериалын алып қарастырсақ, шындықты шырылдатып көрсеткен. Кореяда үлкен әлеуметтік теңсіздік бар. Бақуатты адамдар және өз нанын таба алмайтын адамдардың тобы болып екіге бөлінеді. Негізі бұл тек Оңтүстік Кореяда емес, көптеген елдерде байқалатын тенденция. Корейліктер несиеге төселіп алған. Мұнда дебеттік карта емес, несие карталары көп қолданылады. Адамдар күнделікті өмірдегі қажетті затын бөліп төлейді. Кейін олардың қарызы арта береді. Алдағы уақытта жұмыстарынан айырылып немесе басқа да бір себеп пайда болса, аяқ-қолдары байлаулы болады. Қарапайым мысал келтірейін, Қазақстанда телефонды несиге рәсімдеу үшін кемінде төлей алатыныңды дәлелдей алатын құжат керек, ал мұнда барлығына тарата береді. Одан бөлек, «Паразиты» фильмін де білетін шығарсыздар. Иә, Кореяда жартылай жертөледегі үйлер көп, тіпті, тегіс сондай үйден тұратын аудандар да бар. Алайда, жұмысы бар адамдар жақсы жағдайда өмір сүреді. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері емін-еркін өмір сүруге мүмкіндік береді. Барлығы да адамдардың өзіне байланысты», — деді ол.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от kamila (@k.mqa)
Қазақтар неге Кореяға құштар?
Махмұдованың айтуынша, Оңтүстік Кореядағы әлеуметтік жағдай тұрақсыз болса да, шетелден жұмыс іздеп келетіндер саны жыл санап артып келеді, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар.
«Кейінгі жылдары Кореяға келушілердің қарасы көбейді. Қазақстаннан да жұмыс бабымен келіп, қалып қалғандары да аз емес. Оның белгілі себептері бар. Біріншіден, жалақы жоғары, өмір сүру үшін бар жағдай жасалған. Мәселен, менің айлығымның тек 3,3 пайызы салыққа кетеді, одан бөлек медициналық сақтандыру бар, бірақ оның жартысын жұмыс беруші төлейді. Атап өту керек, сол салықтың өзін жыл соңында қайтарып алуға болады. Тек өтініш жазып, өз шотыңызға аударуын сұрасаңыз жеткілікті. Бұл Оңтүстік Кореяның еңбек салығына қарап қалмағанын білдіреді. Ал оқуға келсек, жаңа айтып кеткенімдей, өте мықты университеттер көп және олардың дипломы арқылы әлемнің ең ірі деген компанияларында жұмыс істеуге мүмкіндік ашылады», — дейді жерлесіміз.
Корейлер Қазақстан туралы не ойлайды?
Сонымен қатар, Камила Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тұрмыс-салтындағы ұқсастықты атап, корейлердің Қазақстан туралы не білетінін айтты.
«Корея қаншалықты дамыған ел болғанымен, ескі стереотиптерден толық арылған жоқ. Корейлер әлі күнге дейін әйелдердің мүмкіндігін шектегісі келіп, оларды тек үй шаруасының тірегі деп қабылдайды. Феминизм жайлы тақырып қозғалса, дұрыс қабылдамайды.
Екі ел арасындағы ұқсастық деп осыны айта аламын. Негізі корейлер Қазақстан туралы өте көп ақпаратқа ие. Қазақстан қай жерде орналасқанын, президенті кім екенін, бұрын КСРО құрамында болғанын және тағы да басқа тарихын бес саусағындай біледі. Бұған себеп — Кореяға келетін қазақтардың көптігі. Жақында жұмысқа жаңа тұрған әріптесім біздің елге келіп, мәдениетімен танысқысы келетінін айтты. Сондай-ақ, стереотиптер де жоқ емес. Мәселен, көп корей менен қазақ қыздары неге тұрмысқа ерте шыққысы келетінін сұраған еді», — дейді Камила Махмұдова.
Корея және коронавирус
Әңгіме соңында Оңтүстік Кореядағы коронавирустың таралуы мен оған елдегі вакцинация жайлы сұрадық.
«Оңтүстік Корея — коронавирусқа қарсы шектеулер қойған ең қатал ел. Біз пандемия басталғалы бетпердемізді тастамадық. Басқа елдердегідей мұндағы халық шағымданбайды және мемлекет қойған талаптарды өз еркімен орындайды. Тіпті, кім бетперде тақпаса, соны суретке түсіріп, тиісті органдарға шағымданады. Кореяда бетпердесіз болсаң, басқа адамдар тыр жалаңаш жүргендей қарайды. Корейлер өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарайды. Ал екпеге келсек, адамдар өз еркімен вакцина алып жатыр. Олар медицинаға күмәнмен қарамайды. Бүгінге дейін екпе алғым келмейді деген бірде-бір адамды жолықтырмадым», — деп сөзін аяқтады ол.
Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Камила Махмұдованың жеке мұрағатынан
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews