Стоковые изображения от Depositphotos Әдеп — қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы,жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін байқатып отырады. Адамның бойынан әдептілік қасиет көрініп түрса, ол парасатты, адамгершілігі мол екендігін көрсетеді.
Әдептілік — адам бойында бірден бола қалмайды. Ол бірнеше жылдардың, қоршаған ортаның, үйдегі жақсы тәрбие жемісі.
Көпшілік орында сағыз шайнау, қарқылдап дауыс шығарып күлу, қоқыстарды көрінген жерге тастай салу, жасы үлкендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалы немесе жүкті аналарға орын ұсынбау, ұялы телефонмен дауыстап сөйлесу және тағы басқа қылықтар адамның әдепсіздігін көрсетеді. Кез келген ортада эмоциясын тежей білу немесе шыдамды болу арқылы әдептілікке қол жеткізуге болады (Қарсы келген үлкен кісіге жол беріп өткізіп жіберу, өтіп бара жатып тайып кеткен кісіге сүйеу болу, біреудің аяғын басып кетсе, сыпайы түрде кешірім сұрау, ал, егер өзінің аяғын басып кетсе, ашуға бой алдырмау және т.б.). Көшеде жүріп-тұрудың өз тәртібі бар. Аяқ киімнің тазалығы, шашының таралғандығы сырткөзге әдептілік айнасы іспетті. Келе жатып танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, онымен көшенің қақ ортасында тұра қалып сөйлеспеңіз. Танысын кездестіргенде әйел кісі жымиып танығанын білдіргені дұрыс.
Ары-бері өтіп жатқан жүргіншілерге кедергі жасамас үшін кездестірген танысыңызбен көшенің бір шетіне шығып, амандық-саулық сұрасқан орынды. Әйел кісі ер азаматтың оң жағында жүреді. Жолды жауып, өзгелердің өтуіне мүмкіндік бермей жүру ерсі көрінеді. Бағдаршамнан өтерде міндетті түрде «жасыл көздің» жануын күтіңіз. Көшенің арғы бетіне кез келген жерден жолды қиып өту өз өміріңіз үшін қауіпті. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақты жол (зебра) белдеуінен өткен дұрыс. Гүлзар бақты, көгалды жерді баспауды, көшедегі жарықшамдарын сындырмауды, саябақтардағы орындықтарға аяқ киіммен шықпауды, түкірмеуді және тағы да басқа жағымсыз іс-әрекеттерге бармауды отбасында үнемі айтып отыру – ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-ананың міндеті.
Қоғамдық көлікке кіргенде мүгедектерді, балаларды, егде адамдарды, әйелдерді алдымен өткізеді. Егер бір есіктен кіріп шығатын болса, әуелі адамдардың шығуына мүмкіндік беріңіз. Қоғамдық көлікте қатты сөйлеудің, тамақ жеудің ыңғайы жоқ. Түшкіргенде және жөтелгенде қол орамалды пайдаланып, ауызыңызды жауып отырыңыз. Вагон ішінде өзінің үсті-басын тәртіпке келтірмейді, тырнағын тазаламайды, құлағы мен тісін шұқыламайды, бет бояу немесе шаш жөндеу де жөнсіз. Газет оқығыңыз келсе, оны бүктеп оқыңыз. Көршінің оқып отырған газетіне, журналына үңілу, жолаушыларға қадала қарау әдепсіздік. Қатты күлу де орынсыз. Вагон ішінде үй іші мен қызметтегі істер жайында сөйлеспейді, өзгелердің әңгімесіне құлақ салмайды.
Жұмыстағы мінез-құлық этикасы бұл әріптестер, бәсекелестер арасындағы шынайы және тура қарым-қатынас. Жұмысқа отбасындағы келеңсіздіктер кедергі болмауы тиіс. Қызметтік ортада айтылған ақпараттар мен қызметтік құпия сол айтылған төртбұрыштан тысқа шықпауы қажет. Жұмыс орнында қызметтестермен және бағынысты қызметкерлермен руластыққа, жершілдік пен жікшілдікке бой алдырмастан, олардың жұмыс тәжірибесі мен атқарған қызметіне қарай бағалау орынды. Бағынышты қызметкердің кемшілігін көпшіліктің көзінше емес, жеке өзіне айтып, кемшілігін түзеуіне мүмкіндік жасаған орынды. Мекеме басшысы неғұрлым жас болса, жасамыс қызметкерлер мен әйелдерге сәлем береді. Бөлмеге кіргенде, басшы бірінші амандасады, қызметкерлер орындарынан тұрмай-ақ амандасады.
Басшы өз кабинетіне жұмыспен келген әйел қызметкерді тұрып қарсы алмайды. Әңгіме ұзаққа созылар болса, орын ұсынады.
Келушінің қызметкерлерді өз жұмысынан алаңдатпауы үшін есікті қақпай кіргені дұрыс. Басшының кабинетіне алдында хатшы болмаса ғана қағып кіруге болады. Басшы қызметкерлеріне есік қағып кіруді ескерткен болса, бұл ережені сақтаған дұрыс. Қызметкерімен немесе келушімен сөйлесіп отырған басшы іске қатысы жоқ қағаздарды ақтарып кетуден; қайта-қайта телефонмен сөйлесуден; саусақтарымен үстелді тықылдатудан аулақ болғаны жөн. Мемлекеттік қызметшінің әртүрлі кәсіби сұрақтарды шешудегі адалдығы мен әділдігі, қайырымдылығы мен байсалдылығы, әріптестермен өзара қарым-қатынаста да, жұмыс барысы немесе жеке мәселемен келген сырт адамдармен қатынаста да маңызды рөл атқарады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Сенімге селкеу түсірмеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің қызметтік және азаматтық міндеті.
Ахметова Эльнура Болатовна әділет департаментінің бас маманы
По сообщению сайта Магнолия